Астанада сталинизм құрбандарының көрмесі өтуде

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Мен қазақпын! Мың өліп, мың тірілген» атты көрме ашылды.

Шара ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілуде. Оған тоталитарлық режим тұсында қуғын-сүргінге ұшыраған және аштық жылдарында жетім қалған суретшілердің 20-ға тарта төл туындылары ұсынылып отыр. Олардың қатарында өздерінің қиындыққа толы ғұмырларына қарамастан, қазақ елі мен жерін қыл қаламдарымен «жырлап өткен» Абрам Черкасский, Валентин Антощенко-Оленев, Алексей Бортников, Павел Зальцман, Қанапия Телжанов, Жанатай Шәрденов сынды өнер иелерінің туындылары бар.

«Аштық жылдары зардап шеккен аймақтардың бірі - солтүстік Қазақстан өңірілері. Егер Украинада 84 пайыз халық жапа шексе, біздің елде - 72 пайыз адам аштыққа ұрынды, әрбір екінші адам көз жұмды. Саяси қуғын-сүргінді немесе аштықты бастан кешіп көрмеген отбасы болған жоқ. Көрме сол адамдарға арналады», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мұражайдың ғылыми-ағарту тобының жетекшісі Дәметкен Бекова.

Биыл ашаршылық нәубетіне 80 жыл және сталинизмнің саяси қуғын-сүргініне 75 жыл толып отыр. Осы күні барша Қазақ жұрты тоталитарлық режимнің құрбандарын еске алуда. Бұл зұлматтың орны ешқашан толмайды. Аштық жылдары Қазақстанда 1,5 млн адам қырылды. Көбі 1937-1938 жылдары болған қуғын-сүргін барысында атылды. Тек 1926-1939 жылдар аралығында халқымыздың саны 867 340 адамға азайды. Қазақтардың саны 1926 жылғы деңгейге 1970 жылы ғана жетті.