Астанада стендап-комик Ғалым Қалиақбаровтың концерті тоқтатылды: әкімдік түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Есіл ауданы әкімдігінің қызметкерлері стендап-комик Ғалым Қалиақбаровтың концертін тоқтатты. Оған ұйымдастырушылардың іс-шара өтетіні туралы жергілікті билікке алдын ала хабарламауы себеп болған.

Фото: ticketon.kz

Концерт 19 тамыз күні кешке елордадағы ойын-сауық орындарының бірінде өткен. Қалиақбаров өнер көрсетіп жатқанда мемлекеттік орган өкілдері келіп, концертті тоқтатуды сұраған. Сондай-ақ мән-жайды түсіндіру үшін өздерімен бірге жүруді өтінген.

Есіл ауданының әкімдігі концерттің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді. Әкімдік мәліметінше, ұйымдастырушылар іс-шара өтетіні туралы міндетті хабарламаны 10 күн бұрын жіберуге тиіс болған. Алайда мұндай хабарлама берілмеген. Сондықтан іс-шараны өткізу ресми түрде келісілмеген.

– Әкімдік өкілдері заң талаптары мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін түсіндіру үшін оқиға орнына барды. Алайда ұйымдастырушылар қызметкерлердің мекеме аумағына кіруіне кедергі келтірді. Осыған байланысты Есіл ауданының Полиция басқармасында ұйымдастырушылармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға заң талаптары мен келісілмеген бұқаралық іс-шараларды өткізудің ықтимал қауіптері жан-жақты түсіндірілді. Әңгіме аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар жіберілді, – деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдік мәдени-бұқаралық іс-шара өтетіні туралы жергілікті билікке алдын ала хабарлау ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті. Мұндай жағдайда төтенше жағдай туындаса, жедел қызметтердің жұмысын дер кезінде үйлестіріп, келушілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік бар.

Астанадағы жағдайдан кейін Ғалым Қалиақбаровтың 21 тамызда Алматыда өтуге тиіс концерті де тоқтатылғаны белгілі болды. Ұйымдастырушылар іс-шараның «өздеріне байланысты емес себептермен» өтпейтінін хабарлап, көрермендерге билет құны толық қайтарылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін елордадағы ойын-сауық орындарының бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір адам көз жұмған еді. Осы іс бойынша кінәлілер 8,5 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды.