Астанада стоматологтардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін, жұма күні Астанада «Дентальдік имплантология мен стоматологиядағы жаңа жетістіктер - Астана 2010» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара Астана медициналық университеті және ҚР Астана қаласының стоматологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өтуде.

Қазақстандық жас дәрігерлерге Италия, АҚШ, Литва, Германия, Израиль, Швеция, Жапония, Ресей, Финляндия, Эстония, Украина елдерінен келген ғалым стоматологтар мен имплантологтар семинарлар өткізуде. Шетелдік баяндамашылар қазақстандық дәрігерлерге және осы саладағы отандық профессорларға дентельді стоматологиядағы инновациялық технологиялар жайында, сонымен қатар тіс хирургиясының соңғы жетістіктерімен бөлісуде.

Астана медициналық университетінің кафедра меңгерушісі Анар Жұмаділованың айтуынша, мұнда стоматологиялық дертті жоюға қол жеткізген Скандинавия елдерінің тәжірибесі тартылып, профилактикалық препараттар өндіретін халықаралық компаниялар қазақстандықтарға нақты көмек шараларын ұсынатын болады.

Астана медициналық университеті және ҚР Тіс емдеушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен басталған конгресс аясында, стоматология және имплантология саласында көрме ашылды. Көрмеге тіс емдеу саласына қажетті құрал-жабдықтарды шығарумен айналысатын әлемнің 20-ға тарта шетелдік компания өкілдері қатыспақ. Стоматологиялық индустрия саласында табысты еңбек етіп жүрген халықаралық деңгейдегі фирмалар өз қондырғыларын әкеліп, көпшілікке таныстырып жатыр.

Бүгін басталған конференция жұмысы сәуірдің 17-сінде аяқталады.