Астанада студент жастар арасында ақындардың қалалық мүшәйрасы өтті

None
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанада «Тәуелсіздік - тұғырым» атты қалалық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

1 желтоқсан күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл және «Желтоқсан» оқиғасына 25 жыл толуына орай «Тәуелсіздік - тұғырым» атты қалалық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраны Қазақ агротехникалық университетінің қазақ тілі кафедрасы жанынан құрылған «Жас түлек» ақындар клубы мен Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

Ақындар бәсекесіне Астана қаласындағы колледждер мен жоғары білім беру мекемелерінде қазақ тілі мен әдебиет, журналистика, өнер мамандықтарында оқымайтын студенттер қатысты.

Сайыстың бірінші кезеңінде 44 жас бақ таластырды, ақтық сынға олардың 12-сі өтті. Ақтық бәсекеде ақындардың талаптары екі кезең бойынша сыналды: алғашқысында Тәуелсіздік тақырыбына арнап өлең шығаруы немесе азаттық жолында күрескен белгілі тұлғаларға өз арнауларын оқуы тиіс болды. Екіншісінде, қазақ ақындарының бірінің тәуелсіздік тақырыбына арнап шығарған өлеңін мәнерлеп оқыды.

Мүшәйрада студенттер ақындық қырынан ғана емес, сөз саптау сипаты, дауыс ырғағы, сахналық мәдениеті жағынан да бағаланды. Қазылар алқасының төрағасы, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы жастарға өнегелі әңгімелерін айтып, тәрбиелік мәні зор кешке ұйытқы болған С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ұжымына алғысын білдірді.

Нәтижесінде, бас жүлдені С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 4 курс студенті Сұлтанбек Смағұл иеленді. Бірінші орын Қазақ технология және бизнес университетінің студенті Дастан Омаровқа, жүлделі екінші орын С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 2 курс студенті Қуаныш Дүйсенқұловқа және үшінші орын ҚазАТУ колледжінің студенті Қуатбек Қоманұлына берілді.

Сонымен қатар, Астана қаласы политехникалық колледж студенті Кемел Махметов пен Қазақ технология және бизнес университетінің студенті Жұлдыз Байғалиева ынталандыру жүлдесімен марапатталды.