Астана қаласының Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасынан мәлім еткендей, қазанның 6-сы күні сағат кешкі 9 жарымда ЖПБ-ның аға лейтенанты Андрей Ермилов пен сержант Алдияр Мәдібек, М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының он-сегіз жасар студенті басқарған Mercedes-Бenz көлігін тоқтатқан. Оның машинасының салонын тексеру барысында 16 және 12 калибрлі аң аулауға арналған екі шолақ мылтық табылды. Сонымен бірге, студенттің арқаға асып жүретін қоржынында 16 және 12 калибрлі төрт оқ табылды. Автокөліктің ішінде жүргізушіні қоса есептегенде барлығы 5 адам болды.
«Бұған дейін қарулармен жасалған қылмыстарға қатыстылығын анықтау үшін ұсталған тұлғалар Астана қаласы ІІД-ге жеткізілді», - деді ЖПБ-дан.
Еске салайық, қазанның 4-8-і күндері аралығында ІІД-нің құрылымдары, қылмыстық-атқару жүйесі, салық және прокуратура органдары, денсаулық сақтау, білім беру салаларының өкілдері Астана аумағында «Қауіпсіз жол» шұғыл алдын-алу шарасын өткізуде.