«Астанада су таксиі пайда болады» - БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 19 сәуір, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің екінші отырысы өтті. Осы алқалы жиынды арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Болашағы бар ұлт білімге ұмтылады» деген тақырыппен басылды. Басылымның атап өтуінше, жиын бола­шақ­та кезегін күтіп тұрған істерді саралау, тиісті құжаттарды дайындау үшін өткізілген. Отырыс барысында Елбасы: «Біздерде оқулықтардың сапасына қатысты проблема бар. Сондықтан да зияткерлік мектептерге бұл проблеманы шешу жұмыстарын басшылыққа алуды тапсырамын. Біріктірілген білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін оқу­лықтарды, әдістемелік материалдар мен сандық білім беру ресурстарын әзірлеуді ұйымдастыру қажет. Бүгін сіздермен барлық мәселелер бойынша қабылдаған шешімдер жоғары білімді ұлт пен бәсекеге қабілетті мемлекет құруға тағы бір қадам деп ойлаймын», - деді.

Сонымен қатар осы басылымның жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз серіктестерімен дәстүрлі кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында­ Қазақстан Президенті кезде­су­ге қатысушылардың әрқай­сы­сы бүгінде тұлға ретінде қа­лып­тасқанын және Қазақстан Магниткасы олардың көпшілігін белгілі металлург, маман, басшы, жалпы, кәсіпқой етіп шыңдағанын айтты. «Нұрсұлтан Назарбаев металлург нағыз ер адамның кәсібі екеніне тоқталды. Тек рухы күшті және жауапкершілігі мол адамдар ғана мұндай жұмысқа төзімді болады. Сондықтан қазақстандық жастардың өскелең буыны еңбек, жұмыс, ұжым сияқты қарапайым, маңызды құндылықтарды терең түсінуге тиіс», - делінген «Металлург - нағыз ер адамның кәсібі» деген тақырыптағы ақпаратта.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында саяси ғылымдар докторы, Астана қаласы «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК директоры Зулфухар Гаиповпен арадағы сұхбат «Білікті маман ғана бәсекеге қабілетті болады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің сан саланы қамтыған сауалына өзінің тұщымды жауабын берген ол: «Атырау қаласында мұнай-газ саласы бойынша, Екібастұз қаласында отын-энергетика саласы бойынша, Шымкент қаласында өңдеу және Өскемен қаласында машина жасау салалары бойынша 4 ірі өңіраралық кәсіптік орталық жұмыс істейтін болады. Мұндай еңбек бөлінісі кездейсоқтық емес әрі заңды. Аталған аймақтардың даму үрдісі осы салалармен тікелей байланысты. Сондықтан бұл аймақтардың экономикалық кластерлер ретінде таңдап алынуы тегін емес», - дейді.

«Шығыс Қазақстан облысы аймаққа туристі тарту және саяхатшыларға қызмет көрсету жағынан Астана мен Алматыдан кейін үшінші орында тұр. 2012 жылы облысқа ұзын саны 403396 турист келіп кеткен», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, өткен жылы көрсетілген қызмет көлемі 3 млрд. теңге, яғни 2011 жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға артқан.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында шұғыл түрде ерекше ота жасалып, пациенттің асқазанынан бір жарым келіден астам металл заттар алынған. Ота жасаған хирург Сатыбалды Шұқыловтың атап өтуінше, жүйке жүйесі ауруына шалдыққан 33 жастағы азамат бірнеше жыл бойы темір заттарды жұтып келген. Әлгі азаматқа мұндай ота осымен екінші мәрте жасалынып отыр. Бұған дейін 2004 жылы оның асқазанынан бірталай темір заттар алынған болатын.

***

Астанада су таксиі пайда болуы мүмкін. «Экспресс К» газетінің жазуынша, жолаушылар тасымалдаумен айналысатын елордалық фирмалардың бірі өзінің көлік паркін бірнеше катермен толықтыруға ниет танытып отыр. Компаниядағы менеджерлердің бірінің айтуына қарағанда, олар бұл идеяны осыдан екі жыл жүзеге асыруға тырысқан. Дегенмен катерлерді күзету қиындығына әрі түнгі уақытта тұрып қалу ұзақтығына баса назар аудара келе бұл бастамаларын кейінге ысырған. Ал ендігі уақытта бұл мәселені нақты қолға алмақ.