Астанада су тасқыны қаупі бар 34 аумақ белгіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын қайталанатын көшелерді су алып кету қаупіне байланысты Астанада биыл қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жауапты ведомстволар көктемнің бұл машақатына дайын ба? Өзекті мәселе жайлы елордадағы көшпелі брифинг кезінде Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Астана қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс жоспары құрылды. Ол жоспарда 255 тармақ бар. Астанада көбінесе қар суынан мәселе туындайтынын білесіздер. 2017-2018 жылдары болған жағдайларды талдай отырып, қар суы алып кетуі мүмкін деген 34 аумақты белгілеп отырмыз. Ол аумақтарға тұрғын үйлер, өндіріс аймақтары жатады», - дейді Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев.

Департамент өкілінің айтуына қарағанда, қазіргі таңда Астана су қоймасында 245 млн текше су бар. Қойманың максималды суды ұстап тұру мүмкіндігі - 410 млн текше.

«Қоймадан келетін су елордадағы контррегуляторға келіп түседі. Ол жерде қазіргі таңда су жоқ. Яғни, судың орны бос. Қазір Астана су қоймасынан жіберіліп жатқан судың көлемі 4 млн текше ғана. Бірінші бекет арқылы ол су Есіл өзеніне ағызылады. Жалпы, Астана қаласының ТЖД мен әкімдігі, басқа да құрылымдар елордада су тасқынының алдын алу үшін үлкен жұмыс атқарды. Елордада өткен «Көктем-2019» республикалық оқу-жаттығуда Астана қаласы шаруашылықтарының техникаларын, адамдарының дайындығын пысықтап алдық. Мыңнан аса адам мен 600 техниканың дайын тұрғанын көрдік», - дейді ол.

Марғұлан Аманбаевтың сөзіне сенсек, осы уақытқа дейін Астана қаласынан полигондарға 2 млн тоннадан артық қар шығарылған. 500-ден аса техника мен 300-ге тарта адам қар шығару жұмысымен айналысып жатыр.

«Астана қаласы бойынша арықтар мен нөсер канализацияларының құбырын тазарту жұмыстары да қызу жүріп жатыр. 22 мың шақырымдық арық тазартылып, қатқан мұздардың бәрі алынып жатыр. Әрбір жеке тұрғын үйдегі азаматтар ауладағы қарды сыртқа шығарып берсе болды, коммуналдық ұйымдар ол қарды қала шетіндегі полигонға тасиды. Елордада ондай 4 полигон бар. Астана қаласынан 2 млн тоннадан артық қар шығарылғанын атап өткен едік. Бұл көрсеткіш былтырғыдан шамамен 300-400 мың текшеге артық», - дейді Марғұлан Аманбаев.