Астанада суға батқан баланы құтқарып қалғандар табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті суға батып бара жатқан баланың өмірін сақтап қалған азаматтарды марапаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

«Үлкендердің қарауынсыз қалған бала Есіл өзенінің жағасында ойнап жүргенде абайсызда суға түсіп кетіп, өздігінен шыға алмаған. Сол маңдағы адамдар оны байқап қалып, баланы құтқарған. Біздегі дерек бойынша, бала 5-6 жас шамасында», - дейді Р. Иманқұлов ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Оның айтуынша, кішкентай баланы инкассатор Арман Смағұлов, студенттер - Ангелина Дәрменбаева және Тимур Насибуллиндер құтқарған.

ТЖК өкілдері олармен байланысып үлгерген.

«Біз үзбей байланыс жасап отырмыз, жуық арада баланың өмірін сақтап қалған азаматтарды марапаттаймыз. Қазір оқиғаның толық мән-жайын білу және оған қатысқандардың бәрін атап өту үшін сол құтқарылған баланың өзін іздеп жатырмыз», - дейді Р. Иманқұлов.

Еске сала кетейік, кеше Астанада суға батып бара жатқан баланы белгісіз адамдардың құтқарып алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.