Экспозицияға суретшінің 40-тан астам туындысы қойылып отыр. Оның ішінде 25 коллаж бен 20 көркемсурет картиналары ұсынылған.
Бұл Сәуле Дүйсембинаның Астанадағы алғашқы жеке көрмесі. Бұның алдында оның жұмыстары Алматы қаласында 4 рет және Италияның Неаполь қаласында қойылған болатын.
Оның коллаждарында XIX ғасырда түсірілген ескі фотосуреттер, қағаз қораптардың бөліктері, әлемдік сән үлгілерінің лейблдары мен брендтері кездеседі. Сол арқылы ол бүгінгі күн мен өткен тарихты байланыстырғысы келетін сияқты. Бұны өнер иесінің өзі де жасырмайды.
«Фотосуреттер Санкт-Петербор кунсткамерасынан алынған, Ресейде сол замандарда өмір сүрген Дудин деген фотосуретші болған. Осындағы туындылар соның еңбектері. Фотосурет коллаждарын жасаумен 11 жасымнан бері айналысып келемін. Әлемде осы стильде, осы бағытта жұмыс жасайтын суретшілер көп емес. Ескі суреттерге әлемдік сән брендтерін қосу арқылы мен оларды бүгінгі замандағы уақытпен байланыстырғым келеді», - дейді ол.
Сәуле Дүйсембина 1971 жылы 4 сәуірде Қарағанды қаласында туған. 1990 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесін тәмамдады. 1997 жылы Алматыдағы Қазақстанның мемлекеттік көркемөнер академиясын бітірді. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Оның жұмыстары Қазақстан, АҚШ, Англия, Франция және Италия елдерінде жеке коллекцияларда сақтаулы.