Жанұзақ Керімбекұлы Мүсәпір 1961 жылы 26 қазанда Алматы облысы Балқаш ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1979-1984 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының көркемсурет факультетін бітірген.
1991-1993 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындағы өнер институтында оқытушы және «Қазақфильм» киностудиясында суретші-режиссер болып жұмыс істейді. 1995 жылдан «Рахат» телеарнасында редакторлық қызметке ауысады. 1998-2001 жылдар осы телеарнаның Бас редакторы, ал 2001 жылдан 2007 жылға дейін «Рахат» телеарнасының қазақ тілді бағдарламалар Дирекциясының Директоры қызметін атқара жүріп, ол түрлі экономикалық-әлеуметтік тақырыптарды қозғады.
2007-2009 жылдары «Хабар» агенттігі Ақпараттық бағдарламалар Дирекциясы Директорының орынбасары болып істеген Жанұзақ Керімбекұлы халқымыздың ұлттық болмысы мен мәдениетін өркендетуге өзіндік үлес қосып, үлкен шығармашылық үрдісте қаламын ұштаған өз ісінің майталманы.
Еліміздегі бірнеше телеарналарда елге танымал болған сүбелі хабарлар жасап, қазақ теледидарының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. «Рахат» телеарнасындағы «Ойтолқын», «Ел мүддесі» және «Інжу маржан», «Хабар» арнасындағы тікелей эфирдегі «Көзқарас» бағдарламалары арқылы қазақ халқының зиялы қауымы, ақын-жазушылар, өнер, мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығы мен ғұмырнамасы туралы тереңнен тартқан хабарлары ел руханиятына мол үлес қосты. Арғы тарихтағы Құрманғазы, Дина, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл туралы түсірілген шоқтығы биік дүниелер өз көрерменін таба білді.
Махамбеттің туғанына 200 жыл толу құрметіне арнайы түсірілген 8 деректі фильмінен өз ісінің кәнігі шеберінің қолтаңбасын көруге болады. Қазақтың белгілі күйшісі Қаршыға Ахмедяровпен бірге шығармашылық ізденістен туған фильмдер «Махамбет» атындағы сыйлықпен марапатталды.
Бүгінде Жанұзақ Керімбекұлы Мүсәпір «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар Дирекциясының директоры ретінде Тәуелсіз Қазақстанымыздың саяси-экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өмірінде болып жатқан оқиғаларды көпшілікке жеткізу жолында абыроймен еңбек етіп келеді. Оның суретшілік қыры да ұзақ жылдар бойы өнерсүйер қауым мен кәсіби ортада жоғарғы бағаға ие болып келеді. Жанұзақ Керімбекұлының бейнелеу өнеріндегі барлық жанрларда тербеген туындылары 100 ден асады.
Оның еңбектері мемлекет тарапынан лайықты бағаланып ҚР «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды.
Көрмеге «Әкем», «Дастархан натюрморты», «Хан Тәңірі», «Балықшы», «Көкпар», «Қобыз сарыны» т.б. жұмыстары қойылады.
Көрме 31 қазанға дейін жалғасады.