Астанада суретші Жеңісбек Әбдіраманның «Атамекен» атты жеке көрмесі ашылды

АНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін  елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында суретші Жеңісбек Әбдіраманның «Атамекен» атты жеке сурет көрмесі ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Көрменің ашылу рәсіміне қатысқан орталық директорының орынбасары Бибінұр Санақұлова, «Президенттік мәдениет орталығының көрмені ұйымдастырудағы басты мақсаты - суретшінің бейнелеу өнеріндегі жетістіктерін елорда тұрғындары мен қала қонақтарына кеңінен таныстыру. Қылқалам шеберінің кез келген туындысы оның отаншыл, ұлтжанды, елін-жерін жан-тәнімен сүйген азамат екендігін анық байқатады», деді.

 Жеңісбек Әбдіраман  алпысыншы жылдардағы белгілі суретші Салихитдин Айтбаевтың шәкірті әрі ізбасары.Көптеген шәкірттерді тәрбиелеген ұстаз Жеңісбектің сезімталдығы мен әсем бояулы түстерді сыршылдықпен қабылдауын, тақырыптар мен сюжеттер таңдаудағы шеберлігін жоғары бағалайды.

Танымал суретшінің қылқаламынан туған шығармалардың тақырыбы - ұшы-қиыры жоқ ұлы даланың аңыздары, көшпелілердің өмірі, ауыл тұрмысы, сәйгүліктер, қысқасы Қазақстанның байтақ тарихы.

Монументалдылық пен түстің анықтылығы, ұлттық нақыш пен отаншылдық, сезімнің үйлесімі - суретшінің еңбектерінің басты ерекшелігі.

Автордың қылқаламынан шыққан 41 туынды қойылған көрме қазан айының 20-на дейін жалғасады.