Кәсіпкер Instagram және WhatsApp арқылы жылқының сүрленген етін арзан бағамен сату сылтауымен азаматтардан алдын ала төлем қабылдап, тауарды жеткізу жөніндегі міндеттемелерін әуел бастан орындауды ниет етпеген.
Сатып алушыларды алдау мақсатында ол бұған дейін орындалған тапсырыстар мен оң пікірлерді пайдаланған, ал алынған ақшалай қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде 31 жәбірленушіге жалпы сомасы 1,7 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.
– Сот үкімімен келтірілген залалдың толық өтелгенін ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгіленіп, 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді. Азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сатып алу кезінде қырағы болуға шақырамыз. Тексерілмеген сатушыларға алдын ала төлем ретінде ақша аудармау қажет, – делінген прокуратура хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін полиция интернеттегі арзан тауарлар туралы ұсыныстардан сақ болуға шақырған еді. Алаяқтар сатып алушыларды шектен тыс төмен бағамен қызықтырып, тауар үшін алдын ала төлем жасатады да, ақша түскеннен кейін байланысын үзеді.