Астанада су шүмегінен жасыл су ағуы мүмкін: қай мекемеге хабарлау керек

АСТАНА. KAZINFORM — 4 сәуір күні жылу желілерінінің жағдайын тексеру үшін жасыл бояу жіберіледі. Сондықтан тұрғын үйлердегі су шүмегінен жасыл су ағуы ықтимал. «Астана-Теплотранзит» АҚ осыған байланысты қала халқына мәлімдеме жасады. 

Фото: Kazinform

Компания мәліметінше, Натрий флуоресцеині (Уранин А) деген органикалық бояғыш қолданылады. Нәтижесінде құбырларлардағы, су ысытқыштардағы және жылу желілеріндегі ақаулар анықталып, жөнделеді. Бұл судың босқа ағып, ысырап болуының алдын алады.

— Уранин А адам ағзасына зиян емес және жылу жүйесінде аталған мақсатта пайдалануға рұқсат етілген. Бояғыш құбырлардағы судың сапасына зақым келтірмейді. Бірақ шүмектің ыстық су жағынан жасыл түсті су ақса, демек су ысытқышта ақау бар екенін білдіреді, — делінген «Астана-Теплотранзит» АҚ мәлімдемесінде.

Егер осындай жайтқа куә болсаңыз, яғни шүмектен жасыл түсті ыстық су ақса, жедел мамандарға хабарлау қажет.

· «iKomek 109» қызметіне;

· «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның тәулік бойы қолжетімді 77 12 00 немесе 77 12 11 нөмірлері бойынша жедел-диспетчерлік қызметіне;

· Жөндеу қызметінің диспетчеріне (жұмыс күндері сағат 08:00–ден 12:00–ге дейін және 13:00–ден 17:00–ге дейін) мына телефондар арқылы — 79 88 96 («Есіл» / «Нұра» аудандары), 39 69 11 («Сарыарқа» / «Байқоңыр» аудандары), 77 12 92 («Алматы» / «Сарайшық» аудандары) хабарласуға болады.

Айта кетейік бұған дейін «Астана-Теплотранзит» жылу үшін төлемдер қалай қалыптасатынын түсіндіргенін жазғанбыз.