Астанада сүт безінің қатерлі ісігін дер кезінде анықтау және емдеу мәселесі талқыланды

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ұлттық ана мен бала орталығы сүт безінің қатерлі ісігін дер кезінде анықтау және емдеуге бағытталған жаңа жобаны енгізуде. Бүгін аталмыш жоба «Сүт безінің обырын диагностикалаудағы және емдеудегі зерттемелер мен технологиялар - еуропалық стандарттар» атты дөңгелек үстел отырысында талқыланды.

ДДСҰ өкілдері, Денсаулық сақтау министрлігінің және Ұлттық ана мен бала орталығының мамандары Қазақстанда әйелдердің репродуктивті денсаулығының онкопатологиясы кең тарап, өзекті мәселелердің біріне айналып отырғандығын атап көрсетуде. Сүт безінің қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың арасында екінші орынға көтеріліп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, әлемде сүт безі қатерлі ісігіне 1,5 миллион әйел шалдығады.

Осыған байланысты Орталық қатерлі ісікті ерте анықтауды жақсарту және емдеудің жаңа амал-тәсілдерін енгізу арқылы өлім санын азайту мүмкіндігіне қол жеткізуді жоспарлауда.

«Елімізде 2015 жылға дейін бағытталған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының қабылдануы өте маңызды рөл атқарады. Бағдарламаның аясында ұлттық скринигтік жүйені дамыту, дертті ерте бастан анықтау саласында бірқатар ілкі жобаларды қолға алу көзделуде. Бүгін біз Алматы мен Австриядан келген әріптестерді шақырып, осы тақырыпта олардың пікірлері мен тәжірибелерін тыңдасақ дееген оймен басқосу ұйымдастырдық», - деді «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Елжан Біртанов.

Дөңгелек үстел барысында Ұлттық ана мен бала орталығының базасында сүт безінің қатерлі ісігін ерте бастан анықтау және емдеу бойынша жаңа әдістерді қамтитын, еуропалық стандарттарға сай ауқымды жобаны іске асырудың кезеңдері мен негізгі мазмұны пысықталмақ.