Астанада сүт, ұн және кондитер өнімдерін өндіру көрсеткіші артып келеді

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өндірістік өнімдер көлемі (тауарлар, қызметтер) 196,4 млрд. теңгені құрады.

Ал өндірістік өнімдер көлемінің индексі 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда - 100,1 пайыз болды. Бұл туралы Астана қаласының Статистика департаментінен хабарланды.

Департаменттің мәліметтеріне қарағанда, өңдеуші өнеркәсіптегі өнім өндірудің нақты көлемі 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда 1,5 пайызға ұлғайып, қазіргі бағада 161,5 млрд теңгені құраған. Өндіріс көлемінің төмендеуі сусындар, киім-кешек пен металл емес минералды өнімдер және металлургиядан басқа өңдеуші өнеркәсіпте байқалады.

Атап айтқанда, 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда нан өндіру 0,8 пайызға, макарон - 9 пайызға, ірімшік пен сүзбе - 12,3 пайызға, жарма, ұн және ұн өнімдері, басқа да бидай дақылдары өнімдері - 13,9 пайызға, шұжық өнімдері - 18,4 пайызға азайған. Сонымен қатар, сүт өндіру 3,4 пайызға, бидай және майлы дақылдардан ұн өндіру, соның ішінде ұсақ тартылған аралас өнімдер - 3,7 пайызға, торттар мен кондитер өнімдері - 15,8 пайызға артыпты. Бұдан бөлек, құрылыс индустриясы кәсіпорындары тауар бетондары өндірісі өсімін (2011 жылғы деңгеймен салыстырғанда 119,6 пайыз), цементтен немесе жасанды тастардан құрылыс үшін құрастырылатын элементтерді (128,4 пайыз) қамтамасыз етті. Машина құрастыруда өнімдердің нақты көлемінің азаюы ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы машиналарына қосалқы бөлшектер (55,1 пайыз) мен үлестіруші қалқандар (70,4 пайыз) шығарудың азаюымен түсіндіріледі. «Электрмен қамту, газ беру, бу және ауа баптағыштар шығару көлемі 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында 26,9 млрд теңгені құрап, өнімнің нақты көлемі индексі 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда - 97,8 пайыз болды. Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі қызметі, қоқыс қалдықтарын жинау және тасып шығаруды бақылау көлемі 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда 1,9 пайызға өсіп, 8 млрд теңгені құрады», - делінген баспасөз хабарламасында.