Астанада су тапшы ма — министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың кейбір көпқабатты тұрғын үйлеріне су беру мәселесі көтерілді.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке елорданың кейбір ауданында көпқабатты тұрғын үйлерде су тоқтап қалатынын айтып, су тапшы ма, деген сауалды алға тартты.
— Астанада су тапшылығы болмайтынын анық айта аламын. Себебі елорданы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Астана су қоймасы» көктемгі тасқын кезінде 100 пайыздан аса толды. Қазір су белгіленген кесте бойынша беріліп жатыр, — деп жауап берді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ министр елордада су сүзгі стансасының құрылысы жөнінде айтып берді.
— Сүзгі стансасының құрылысына қосымша 4,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмыс елорда халқын болашақта ауызсумен толық көлемде қамтамасыз ету үшін істеліп жатыр, — деп түсіндірді ведомство басшысы.
Бүгін Үкімет отырысында су саласы мәселелері қаралды. Айта кетсек, 2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр.
Белгілі болғандай елімізде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов іске асырылу мерзімі созылып кеткен таза ауыз су жобаларын атады.