Елордада өткен сенбі күні өткен «Қайта өңдеу!» эко-асарының қорытындысы шығарылды.
Қалдықты бөліп тастау жөніндегі пилоттық жобаны қолдауға қаланың жүздеген тұрғыны қатысты. Олар шыны (100 келі), пластик бөтелкелер (120 келі), макулатура (405 келі), сынапты шамдар (85 келі) мен батареялар (14 келі), істен шыққан тұрмыстық техникалар мен электронды құралдарды (300 келі) - бас-аяғы 1044 келі қалдықты қайта өңдеуге және жоюға өткізген.
Шара аясында істен шыққан тұрмыстық электр техникаларын тегін алып кететін жаңа экологиялық «Cleаn taxi» жобасы таныстырылды. Акция аясында жиналған қалдықтар Астана қаласындағы қайта өңдеу зауытына жіберілді.
Еске сала кетсек, Астана қаласы әкімдігі мен Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің операторы қатты тұрмыстық қалдықтарды екі фракцияға (құрғақ және ылғалды) бөліп тастаудың ілкі жобасын енгізуді бастады.
Әкімдік келтірген деректерге сәйкес, 2018 жылдың шілде айынан бастап қаладағы 2070 қоқыс алаңына 6 275 контейнер қойылады. «Сары» және «жасыл» түсті контейнерлерге тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып тасталады. Атап айтқанда, сары түсті контейнерге қайта өңдеуге жарамды (металл, пластик, қағаз, шыны) қалдықтар тасталса, жасыл контейнерге тамақ қалдықтары, органикалық және басқа да өңдеуге келмейтін қалдықтар салынады.