Астана қалалық Ішкі істер департаментінен мәлім еткендей, «Браконьер» шұғыл-алдын алу іс-шарасы заңсыз аң ату, ағашты кесу және су жануарларын аулаудың алдын алу және жолын кесу, биологиялық ресурстар нысандары мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау, сондай-ақ, Астана қаласының аумағында экологиялық қылмыстарды ашу мақсатында өткізіліп отыр.
Іс-шараның алғашқы күндері табиғатты қорғау заңнамасын бұзып, қолға түскен 6 адамға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік хаттамаларды толтырды.
Атап айтсақ, Алматы ауданының ішкі істер басқармасы табиғатты қорғау бөлімінің шұғыл әрекет ету жасағы Күйгенжар кентін аралау барысында Есіл өзенінен балықты аумен аулап жатқан М. есімді азаматты ұстады. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің (ӘҚК) 298-1 бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 4 536 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сарыарқа ауданының ішкі істер басқармасы табиғатты қорғау бөлімінің инспекторы Тілендиев даңғылы бойындағы орман алқабында қолдан жасалған қақпандарды орналастырып қойған О. есімді азаматты ұстады. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚК-нің 298-1 бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанымен, ол ауызша ескертумен құтылды.
Онымен бірге, «Рубеж-Ертіс» жүйесінің бақылау бекетінде Ж. есімді азамат тоқтатылып, оның мемлекеттік нөмірі Z 377 SZM «ГАЗель» автокөлігінен жабайы қаздардың 3 еті табылды. Заңсыз аң аулап, жануарлар әлемін пайдаланғаны үшін әкімшілік жазаны қарастыратын ҚР ӘҚК-нің 298-1 бабының 1-тармағы аталмыш азаматқа қатысты да қолданылып, оған ескерту жасалды.