«Бүгінде біз жылы аялдамаларды жуып, тазалап жүреміз. Бірақ қала тұрғындары шыныларын сындырып, күл-қоқысты тастап кетеді. Сондықтан бізге ортақ іске деген жанашырлықты, қоғамдық мүлікті сақтау мәдениетін әлі де көтеру керек», - дейді жолаушылар көлігі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекмырза Егенбердинов. Оның айтуынша, бүгінде жылы аялдамаларда бейнебақылау жүйесі бар. Алайда ол ішкі істер органдарының ортақ желісіне қосылмаған.
«Қазіргі кезде біз ол бейнекамераларды ішкі істер департаментінің ортақ жүйесіне қосу мәселесін пысықтап жатырмыз. Сосын өз желімізге де қосуымыз қажет. Сонда ұялы телефон арқылы кез келген аялдамадағы жағдайды бақылап отыруға болады. Біреулер вандализм жасаса, бірден жақын жүрген патрульді шақыратын боламыз», - деп атап көрсетті Игембердинов.
Айта кетейік, бүгінде қала бойынша 27 жылы аялдама бар. Биыл 200 қосымша аялдаманың басым бөлігін жеке меншік қаржыға орнату жоспарланған. «Мәселен, аялдаманың 55-сі бюджеттің қаржысына салынса, қалғанына жеке меншік саланың қаржысы тартылады», - деді Игембердинов.