Астанада тағы бір жаңа базар салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың Байқоңыр ауданында жаңа әмбебап базар салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

Жалпы аумағы 62 мың шаршы метрді құрайтын «DOSTYQ Market» Астананың сауда-өнеркәсіптік бөлігіне айналған Алаш тас жолы маңында тұрғызылады.

«Байқоңыр ауданының әкімдігінде инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері кездесу өткізді. Кездесу аясында сауда базарларының қызметін ұйымдастыру мәселесі талқыланып, Байқоңыр ауданы әкімдігінің аппараты мен «Ganador Group» ЖШС келісім бекітті. «Ganador Group» ЖШС жаңа әмбебап базарды тұрғызады», - делінген Астана әкімдігі жариялаған ресми хабарда.

Жаңа базарда азық-түлік және сұранысқа ие өзге де тауарлар саудаланады деп жоспарланып отыр. Бұл мақсатта нысан сауда, әкімшілік-тұрмыстық, қойма ғимараттарымен және қоғамдық тамақтану нүктелерімен жабдықталады.