Астанада такси жүргізушісі шетелдікті әуежайдан қонақүйге 40 мың теңгеге жеткізген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада такси жүргізушісі шетел азаматын әуежайдан қонақүйге дейін 40 мың теңгеге жеткізіп салған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«6 маусым күні сағат 14.00-де Астана полициясына Венгрия азаматы белгісіз такси жүргізушісінің алдау жолымен 40 мың теңге сомасында ақша иемденгені туралы шағым түсірген», - делінген полицияның хабарламасында. Полицейлер ізін суытпай 33 жастағы такси жүргізушісін ұстады. Ол оңай олжаға кенелмекші болып, шетелдікті әуежайдан Желтоқсан көшесінде орналасқан қонақүйге дейін жеткізгені үшін өте қымбат жолақы алған. Такси жүргізушісінің тіркеуден өткендігін және жеке жүк тасуы үшін рұқсаты бары анықталды, деді Астана қалалық ІІД.

Бұл факті сотқа дейінгі тергеудің бірегей тізілімінде «алаяқтық» бабы бойынша тіркелді. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.