Сот отырысында анықталғандай, Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінің маңында такси қызметін пайдаланып, сапар аяқталғаннан кейін азамат А. такси жүргізушісі С.-ға балағат сөздер айтып, автокөліктен шығудан бас тартқан және оған қоқан-лоқы көрсеткен.
Осылайша, А. өз әрекеттерімен айналасындағыларға анық құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзған.
Аталған факті полиция басқармасында әлеуметтік желідегі Instagram-да оқиғаның бейнежазбасы жарияланғаннан кейін тіркелген. Сот отырысында А. өз кінәсін толық мойындады.
Сот қаулысы
Сот азамат А.-ны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
– Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығын ескерді. Құқық бұзушылық қасақана жасалып, қоғамдық тәртіпті бұзудан, айналасындағыларға құрметсіздік танытудан және өзге тұлғалардың тыныштығын бұзудан көрініс тапқан. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу не 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза көзделген, – деп жазды соттың баспасөз қызметі.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен азамат А.-ға 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада ұшақ бортында жанжал шығарған мас жолаушы 10 тәулікке қамалған еді.
Ал Ақтауда қызға зорлық көрсетемін деп қорқытқан ер адам 30 тәулікке қамалды.