Астанада талапкерлерді кешенді тестілеуден 5339 адам өтеді

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда 19-ынан 22 шілдеге дейін талапкерлерді кешенді тестілеу өткізіледі. Ол 35 тестілеу базасында (ЖОО базасында) өтетін болады. Биылғы жылы университеттер базасындағы кешенді тестілеуге Астанада 5339 түлек қатыспақ. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Ұлттық тестілеу орталығынан мәлім етті.

«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2014 түлек, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 3325 түлек емтихан тапсырады»,-деп хабарлайды орталықтан.

Оның ішінде мектеп түлектерінің өтініштері - 656, жалпы орта білім алып (11-сынып) оқуға түскен техникалық және кәсіби білім мекемелері түлектерінің өтініштері - 1114, негізгі орта білім алып (9-сынып) оқуға түскен техникалық және кәсіби білім мекемелері түлектерінің өтініштері - 3569.

Кешенді тестілеуге жалпы орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы түлектері, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының түлектері, ҰБТ-ға қатыспаған мектеп түлектері, халықаралық алмасу оқыту жүйесі бойынша шетелде оқығандар, оқытылуы қазақ және орыс тілдерінде жүргізілмейтін мектеп түлектері, республикалық музыкалық мектеп-интернаттарының түлектері, сонымен бірге, шетел оқу орындарын бітіргендер қатысады.

Кешенді тестілеу талапкердің қалауымен қазақ немесе орыс тілінде орта білім берудің оқу бағдарламасы көлемінде 4 пән бойынша: мемлекеттік немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні бойынша өтеді.