Астанада тамыз айының ауа райы құбылмалы болады деп болжануда

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Шілденің шіліңгір ыстығы көпке созылмайды, ал тамыз айы жаңбырлы болады. «Гидромед» орталығының синоптиктері осылай деп болжам жасап отыр. Күннің бұлттануы, жауын-шашын секілді құбылмалы ауа райы келесі айда да сақталады. Ауа температурасы түнде+18°C, +25°C көрсетсе, күндіз +28°C, +33°C ыстық болады деп күтілуде. Бұл туралы astana.kz сайты жазады.

Атап айтқанда, Астана қаласы «ҚазГидромет» орталығының жетекші синоптик-инженері Жанат Сатыбалдиеваның айтуынша, Астанада тамыз айы салқын ауа райымен басталады. «Өйткені еліміздің басым бөлігі кезекті белсенді циклонның ықпалында болады. Осыған байланысты кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді. Айдың ортасында жауын-шашын доғарылып, ауа температурасы 28-33 градусқа дейін жоғарылайды. Айдың екінші жартысында қайтадан күн бұзылады. Осылай жаңбырлы күндер жаздың жайма-шуақ күндерімен алмасып отырады. Жалпы, ай бойынша температура көпжылдық мөлшер шамасында болады», - дейді ол.

Жалпы, Астанада 1923 жылы ауа температурасы абсолюттік максимумға жетіп, 39°C ыстықты көрсетсе, 2002 жылы 38°C дейін ысыған. Ал биылғы жылғы ауа райын мамандар 2003 жылдың жазына ұқсатып отыр.