Астанада танымал итальяндық «IL DIVO» квартетінің концерті өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың салтанатты мерейтойына танымал «IL DIVO» классикалық квартеті келді. Астана қалалық Мемлекеттік филармонияның сүймелдеуімен квартет «Қазақстан» Орталық концерт залының сахнасында өнер көрсетті, деп хабарлады astana.gov.kz.

IL DIVO - бұл коммерциялық жағынан ең сәтті классикалық поп-жоба ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген опералық әншілер квартеті. Төрттік ағылшын, испан, итальян, латын және француз тілдерінде ән шырқайды. Квартет Селин Дион, Тони Брэкстон сияқты күміс көмей поп-музыка әншілерімен жұптасып ән салды.

Топты құру идеясы - Саймон Ковеллдікі. Британдық музыкалық продюсер, «AmericanIdol» және «X-Factor» сияқты телевизиялық шоуларды экранға шығаруға ат салысқан адамның бірі. Квартет мүшелерін іріктеу жұмысы 2 жыл бойы жүрді. Испания, Швейцария, Франция және АҚШ-та бірнеше кастинг өтті. Нәтижесінде, әр елден ең озық әнші таңдалды. Баритон Карлос Марин - испандық, тенор Урс Бюлер - швейцариялық, поп-әнші Себастьен Изамбар - француз, тенор Дэвид Миллер - америкалық.

Жаңа сарындағы квартеттің құрылғаннан бері әлем бойынша олардың 26 млн. дана альбомы сатылған.