Астанада танымал тіс дәрігерінің фотокөрмесі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында Ресей фотосуретшілер одағының мүшесі, танымал тіс дәрігері Генрих Куприяновтың «Состояние-7» фотокөрмесінің вернисажы ашылды.

Көрмеге елорда мен Ақмола облысында түсірілген жаңа 39 туынды қойылған. Экспозицияға әр алуан пейзаждар, портреттер мен натюрморттар енген.

Генрих Куприянов 1939 жылы 22 қаңтарда Чувашия Автономды Кеңестік социалистік республикасы Первомайский ауданында дүниеге келген. Чувашия астанасы - Чебоксары қаласында еңбек еткен. 1964 жылы КСРО коммунистік партиясының шақыруымен Целиноград қаласына келген ол Денсаулық үйінде 47 жылдан бері тіс дәрігері болып қызмет етеді.

Әр жылдары акварельмен пейзаждар салып, тастар мен фотоуреттерге әуес болған ол сүйікті жұмысы мен фотосуреттерді өмірлік сеніміне айналдырған. Деректі және көркем фотосуреттердің қалалық, облыстық, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелеріне қатысқан. Куприяновтың әрбір жаңа көрмесі - көпқырлы әрі оның туған өлкесіне деген зор сүйіспеншілігін білдіреді.

Айта кетейік, Генрих Куприяновтың фотокөрмесі мұражайда 19 ақпанға дейiн жалғасады.