Атап айтқанда, өнеркәсіптің түрлі салаларындағы инженерлер, соның ішінде инженер-механик, инженер-жобалаушы, инженер-энергетик, даяшылар, аспаз, монтаждаушылар, электр маманы, электромонтаждаушы-реттеуші, газэлектрдәнекерлеушілер, сантехниктер, темір ұсталары, қырнаушылар жетіспейді. Жыл басынан бері Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп 3 536 адам жүгінсе, олардың 55%-ы - 29-ға дейінгі жастар.
Биыл қыркүйек айында 97 адам он айлық кәсіби даярлау курсына оқуға жіберілді. Мамандар Астана қаласы әкімдігінің Энергетика және байланыс, Даналық және Басқару колледждерінде даярланды. 164 адам газ-электр дәнекерлеуші, тігінші-үлгіші, тәрбиелеуші, электр маманы, сатушы-кассир, аспаз мамандықтарын жаңадан меңгерді.
Кәсіби машықтарын арттырғысы келетіндерге арналған бухгалтер, қойма меңгерушісі, медбике, тәрбиеші, ағылшын тілі, ыммен сөйлеу аудармашысы, аспалы кран машинисі курстары бар.
«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жастарға лайықты жұмыс орындарын ұсынудан басқа, 6 айлық жастар практикасына қатысу мүмкіндігі беріледі.