Астанада «Тарихы терең Ақ Жайық» атты көрме ашылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде "Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан" жобасының аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің "Тарихы терең Ақ Жайық" атты көрмесі ашылды. Көрмені аша отырып, келушілерді қарсы алған музей директоры Дархар Мыңбай бұған дейін Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстарының музейлері елордада өз көрмелерін өткізкенін жеткізді.

"Бұған дейін біз Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстарының музейлерінің экспонаттарынан осындай көрме өткіздік. Бұл жұмыстар "Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан" деген жоба аясында жасалып жатыр. Жалпы, бұл жобаның мақсаты не деген сұраққа жауап берсек, мұндай көрмелер Қазақстанды алдымен өзіміз тану үшін, Қазақстанның түкпір-түкпіріне дейін танып білуіміз үшін керек. Міне, сонда ғана біз қазақты əлемге таныта аламыз. Жалпы, өздеріңіз білесіздер, Батыс Қазақстан облысы шын мəнінде тарихы терең, қазыналы өңір. Он жыл ішінде осы өңірде алты мыңнан аса қорғандар мен ескі қалалар табылған екен. Оның барлығы болашақтың еншісінде", - дейді Д.Мыңбай.

Жалпы, көрмеге Жайық қалашығының орнынан табылған кесене қалдықтары жəне кірпіш тастар, шығыр құмыралар қойылған. Сондай-ақ, 2012 жылы Тақсай оба-кешенінен табылған "Алтын ханшайымның" жаңартылған нұсқасы, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек əйел жерленген жердің өртенген ағаш бөренелері, ғұрыптық ыдыстар қойылған. Экспонаттар арасында 1969 жылы Сантас жонындағы обалардан табылған қыпшақ жауынгерінің мүрдесі, қыпшақ жауынгерінің қару-жарағы, Е.Пугачев бүлігін басуға қатысқан адамдарға орыс патшайымы ІІ Екатерина сыйға берген қолғап, орыс ақыны А.Пушкин киген киімнің көшірмесі бар.