Астанада «Тәтті алма» атты балаларға арналған шығармалар жинағының тұсаукесері өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы №70 мектепте «Тәтті алма» атты 2 томдық балаларға арналған шығармалар жинағы мен www.tattialma.kz балалар сайтының тұсаукесері өтті.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының бұл жобалары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен, Елбасының «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірленіп отыр.

Іс-шараға Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, жинақты құрастырушы автор, жазушы Шәкен Күмісбайұлы және елімізге белгілі ақын-жазушылар, мектеп оқушылары мен журналистер қатысты.

Елбасының тікелей қолдауымен басылып шыққан бұл жинаққа қазақ балалар әдебиетіндегі белгілі ақын-жазушылары мен жас қаламгерлердің ХХ ғасырдың орта тұсынан бүгінге дейінгі жарық көрген туындылары еніп отыр. Жас жеткіншектердің туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, тәлім-тәрбие беру мазмұнындағы шығармалар жинақта жүйелеп топтастырылған.

Жинақ Н.Ә.Назарбаевтың: «Балаларға арналған шығармалар үлкенді сыйлау, кішіні демеу, ел мен жерге, Отанға қызмет ету, саналы да сергек ұрпақ өсіру сияқты асыл қасиеттерді насихаттап, балғындарды биік мұратқа жетелегені жөн. Қос томдық көркем шығармалар жинағы - осындай мәні мен маңызы жоғары дүние», - деген алғысөзімен басталады.

Жинақ 3000 дана болып басылып, олардың басым көпшілігі республикадағы балалар кітапханалары мен мектептерге таратылды.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметінің хабарлауынша, www.tattialma.kz сайтының басты мақсаты - балаларды әдебиет әлемімен таныстыру. Сайттың басқы бетінде жинаққа енген шығармалар орналастырылған. Сондай-ақ, сайтта мультфильмдер, ертегілер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, және ата-аналарға арналған бөлім мен байқаулар бөлімі бар.