Астанада Тәуелсіздік даңғылы пайда болды

АНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат - Астанадағы  Тәуелсіздік Сарайы мен Қазақ елі монументі орналасқан Манас көшесі  бұдан былай Тәуелсіздік даңғылы деп аталатын болды. Мұндай шешім  Астана қалалық мәслихатының   XXXVI сессиясында қабылданды,


 деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Манас көшесі Ақбұлақтан  басталып,  «Отан Ана» монументі жанынан өтеді де, Бейбітшілік және келісім сарайына дейін жалғасады.  Тәуелсіздік Сарайы мен «Қазақ елі» монументі де осы көшеге орналасқан.

 «Бірегей кешен қалыптастыру мақсатында ономастикалық комиссия мүшелері Манас көшесін Тәуелсіздік даңғылы деп қайта атауды ұсынады», - дейді  Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы.  Оның айтуынша, қалада осылай аталатын көше бар,  сондықтан да оны Дінмұхаммед Қонаев атындағы даңғыл деп атау ұсынылды.

Мақтымқұлы көшесінің бір бөлігін қайта атау арқылы  Астана қаласында Манас есімін сақтап қалу  қарастырылуда.

Мақтымқұлы көшесі екі бөлімнен тұрады. Көшенің  Абылайхан даңғылына жақын орналасқан  екі мың метрлік учаскесі Мақтымқұлы аталады да, оған кесе көлденең жатқан 1 221 метр болатын бөлігіне Манас есімі беріледі.