Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының атынан марапатталған астаналықтарды құттықтап, наградалар табыс етті.
«Елбасының Жарлығымен жыл сайын Тәуелсіздік қарсаңында мемлекеттік наградаларымен марапаттау болатынын жақсы білесіздер. Биылғы жылы осынау биік те мәртебелі мемлекеттік марапатқа өздеріңіз лайық болып отырсыздар. Бұл егемен еліміз бен еңселі елордамызды дамытуға қосқан өздеріңіздің үлкен үлестеріңіздің, елеулі еңбектеріңіздің лайықты жемісі деп білемін. Барлығыңызды осы бір үлкен қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын!»,-деді салтанатты рәсімде Иманғали Тасмағамбетов.
Марапат - еліне ерен еңбегі сіңген мәдениет, ғылым мен білім, денсаулық сақтау, өндірістік сала, бизнес пен ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметкерлер сынды 50 астам көрнекті азаматқа берілді.
Тұғыры биік Тәуелсіздік күні қарсаңында мұндай марапатқа ие болып, ел алдындағы еңбегі ескерілген астаналықтар Елбасына, қала әкіміне риза екендіктерін жеткізді, деп хабарлайды astana.kz .