Астанада Тәуелсіздік даңғылының учаскесі жөндеу жұмысына байланысты жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — Тәуелсіздік даңғылының Күйші Дина көшесінен Б.Майлин көшесіне дейінгі аралығына орташа жөндеу жүргізеді, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 19-20 мамыр аралығында Тәуелсіздік даңғылының Күйші Дина көшесінен Б.Майлин көшесіне дейінгі аралығын орташа жөндеуден өткізеді.
Сонымен қатар 21 мен 22 мамыр аралығында Б. Майлин көшесінен Б. Момышұлы даңғылына дейінгі учаскеде жол ішінара жабылатын болады. Осы уақытта көлік қозғалысы екі бағытта бір жағынан кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.
— Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы және ықтимал өзгерістерді ескеруі қажет. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылады, — делінген хабарламада.
Осыдан бұрын Астанада пранк жасаған блогерлер қамауға алынғанын жазғанбыз.