Астанада тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алу күні өтті

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада 16 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасын қорғау жөніндегі ТМД елдерінің бітімгершілік миссиясын орындауда қаза болған қазақстандық жауынгерлер аллеясында гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Отан қорғаушылар саябағында тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді Еске алу аллеясында ерлердің есімдерін құрметтеу рәсіміне ҚР ІІМ орталық аппараты, Ішкі әскерлер қолбасшылығының басшылары, Мәжіліс депутаттары, ардагерлер, «Нұр Отан» ХДП өкілдері қатысты.

1993 жылы ТМД мемлекет басшылары Тәжікстан елінің Ауғанстанмен шектесетін қорғаусыз қалған шекарасына әскер жіберу туралы шешім қабылдаған болатын. 1993-1999 жылдар аралығында еліміздің Ішкі әскері жедел мақсаттағы бөлімінің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері Қазақстан Республикасының жеке атқыштар батальонының құрамында тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерін орындады.

Жауынгерлер ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын учаскенің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты - жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін, тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру. Сонымен қатар гуманитарлық көмек тауарларының жеткізілімін қамтамасыз ету және қорғау, босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау болды.

Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында орын алды. Онда 17 қазақ жігіті содырлармен болған атыста көз жұмған болатын. Қазіргі кезде олардың ерлігі еленіп, елдің әрбір өңірлерінде ескерткіштер, мектептер мен аллеялар бой көтеруде.

Жалпы сол миссияда мемлекеттік мүддені алға қойып, шекара тыныштығын күзеткен ТМД әскері 356 жауынгерінен айырылды. Соның ішінде 54-і -қазақстандық әскери қызметшілер. Қазақ жауынгерлері 8 жылдан кейін 2001 жылы 8 ақпан күні елге оралды.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен қаза тапқан жауынгерлердің бесеуі 2-дәрежелі «Айбын» орденімен, 12-сі «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарымен марапатталды.