Астанада тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Отан Қорғаушылар» монументінің жанындағы алаңда 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 қазақстандық жауынгерге арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өтті, деп хабарлады astana.gov.kz.

ҚР ҚК Жоғары Бас қолбасшысының 1992-2001 жж. аралығында тәжік-ауған учаскесінде ТМД сыртқы шекарасын қорғау бойынша әскери тапсырмасын орындаған қазақстандық жеке қосынды атқыштар батальонының Тәжікстан Республикасынан шығарылғанына тура он бес жыл болды.

Шараға сарбаздар мен офицерлер, әскери іс-қимылдар ардагерлері, сондай-ақ, қаза тапқан жауынгерлердің аналары қатысты. Жиналғандар қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Әскери қызметшілер, елорда тұрғындары, 15 жыл бұрын мен осы батальонды тәжік-ауған учаскесінен шығарған болатынмын. Шекара қызметі, әскери күштер, ішкі әскерлер сегіз жыл бойы әскери тапсырмалар орындады. Олар 18-19 жаста еді. 24 батальон өз тапсырмасын орындады. Біз ұлдарымыздан айырылдық, дегенмен, біз әрқашан да ерлік жасай алатынымызды мақтан етуіміз керек», - деді ҚР ҰҚК шекара қызметі бас штабының басшысы Магмед Садыков.

Айта кетейік, тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіштер еліміздің төрт қаласында орнатылды: Семейде, Павлодарда, Шымкентте және Атырауда.