Астанада тек ауыл балаларына арналған олимпиада өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Назарбаев Университетінде «IQanat Білім беру қоры» қоғамдық қорының республикалық олимпиадасы басталды. Аталмыш олимпиадаға Шығыс Қазақстан облысының тек ауылдардан іріктелген 177 оқушысы қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, ауыл мектептеріндегі оқушыларға Қазақстан және шетел ЖОО-ларына түсуге қолдау көрсету үшін қазақстандық демеушілер тың білім беру жобасын қолға алып отыр. Ол жоба - Айдын Рахымбаев (BI-group Холдингтің Директорлар кеңесінің төрағасы ), Дәурен Жақсыбек («Цесна Банк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы), Арманжан Байтасов  Қазақстан Медиа Альянс басқармасының төрағасы, Исламбек Салжанов («Алтын Қыран» корпорациясының негізін қалаушы), Бауыржан Исабаев (BI-group ходингінің директорлар Кеңесінің мүшесі), Сержан Жұмашов - (Capital Partners Capital Partner компаниясының бірлескен иеленушісі (иесінің бірі) тағы басқа бизнесмендер тобы құрған «IQanat» ауыл мектептеріне арналған республикалық білім беру бағдарламасы.

Алғашқы 6 жылда (2006-2012) бағдарлама Казнаковка орта мектебі (ШҚО, Көкпекті ауданы) оқушыларын кітап оқуға деген ынталарын жоғарылатуға бағытталған. Ал 2017 жыл IQanat бағдарламасы үшін маңызды кезең болды. Осы уақыттан бастап Шығыс Қазақстанның 6 ауданында (математика, физика, ағылшын тілі, «Эрудит» эссе конкурсы және жеңіл атлетика) 5 бағыт бойынша олимпиада өткізу арқылы, ауыл мектептерінің үздік оқушыларын іріктеу жүйесі енгізілді. 2017-2018 оқу жылы бағдарламасына қатысу үшін Шығыс Қазақстан облысы 6 ауданының ауылдарынан 200-ге жуық финалға қатысушылар іріктеледі. Финалға қатысушыларына Астана қаласында өтетін республикалық ғылыми-танымдық IQanat слетіне тегін келуге, «IQanat» республикалық пәндік олимпиадасына қатысуға, және гранттар мен шәкіртақылар жайлы ақпаратқа қол жеткізуге, Қазақстан және шетел ЖОО-да білім алуға мүмкіндік беріледі.

«IQanat» қорының атқарушы директоры Айжан Садықованың айтуынша, бұл - пилотты жоба.

«Себебі, біздің мақсатымыз - бүкіл 160-тан астам аудандағы оқушы балаларға қолдау білдіргіміз келеді», - дейді қордың атқарушы директоры.

Оның айтуынша, бұл сайыс бойынша тек ауылдағы мектептердің оқушыларына басымдық берілетін болады. 

«Себебі, қазіргі таңда ауыл балалары үшін ЖОО-ға түсу оңай емес. Біздің талдау бойынша, ауыл балаларының тек 20 пайызы ғана еліміздегі ең үздік ЖОО-ларға оқуға түсе алады. Ауыл балаларының көбі аймақтық ЖОО-ларға немесе колледждерге түседі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқу түсу немесе Назарбаев Университеті туралы айтар болсақ, мұнда тіпті ауыл балаларының пайыздық үлесі нөлге тең. Сондықтан, біздің мақсатымыз - 10-11 сыныпта оқитын балалардың ЖОО-ларға түсуін қамтамасыз ету, шетелдік гранттар туралы оларға толық мәлімет беру болып табылады», - дейді Айжан Садықова.

Қордың атқарушы директорының айтуынша, «IQanat» қоры ауыл балалары үшін олимпиаданы бір рет қана өткізіп қана қоймай, жылына төрт рет ұйымдастырады.

«Сонымен бірге, біз олимпиадаларға дайындалуға болатын әдістемелік материалдарды әзірледік. Бұл әдістемелік материал уақыт көрсетіп отырғандай, балалар үшін ғана емес ауыл мұғалімдері үшін де маңызды екенін дәлелдеп отыр. Демек, біз біз алға қадам басқан сайын біздің ықпал ету әсеріміз артып келе жатқанын байқадық. Біз Білім және ғылым министрлігімен меморандумға қол қойдық. Яғни, бұл келісім біздің олимпиаданың легитимдігін қамтамасыз етеді», - дейді Айжан Ерханқызы.

Ауыл балалары үшін өткізіліп жатқан олимпиадалардың барлығы тегін.