Астанада Tekken 8 бойынша халықаралық турнир өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 9–12 шілде аралығында фестиваль алаңында TEKKEN World Tour 2025 (Dojo Series) ресми кезеңі — «файтинг» жанрындағы танымал компьютерлік ойын Tekken 8 бойынша халықаралық турнир өтеді.
Турнирге 90-нан астам ойыншы қатысады деп күтіліп отыр. Олар әлемдік финалға жолдама алуға қажетті рейтингтік ұпайлар мен 400 000 теңгелік жүлде қор үшін бақ сынайды. Турнир Орталық Азиядағы ең ірі Tekken фанаттар қауымдастығы — Qazaqstan Tekken Fighters (QTF) қолдауымен ұйымдастырылады.
Турнир аясында Қазақстаннан ғана емес, көршілес елдерден де кәсіби және жартылай кәсіби ойыншылардың қатысуы жоспарлануда. Бағдарламаға жарыстың тікелей көрсетілімі, үздік сегіз ойыншының шешуші кезеңі, сондай-ақ про-геймерлердің қатысуымен өтетін Street Fighter 6, Guilty Gear Strive және Dragon Ball FighterZ файтинг бағыттарындағы шаралар кіреді.
Негізгі жарыстардан бөлек көрермендер көрсетілім ойындарды, шағын сайыстарды тамашалап, кәсіпқойлармен тікелей байланысқа түсе алады. Іс-шара алаңында Tekken 8 ойынына арналған эксклюзивті мерч өнімдері ұсынылады.
Турнир бағдарламасы төрт күнге созылады. 9 шілдеде қатысушылардың тіркелуі мен Dragon Ball FighterZ ойыны бойынша арнайы іс-шара өтеді. 10 шілдеде негізгі жарыс басталып, Guilty Gear Strive ойыны бойынша қосымша турнир ұйымдастырылады. 11 шілдеде плей-офф кезеңі өтіп, Street Fighter 6 ойынына арналған іс-шара өткізіледі. Турнирдің шешуші финалы 12 шілдеге жоспарланған.
Жарысқа қатысу үшін осы сілтеме арқылы тіркелуге болады: start.gg/tournament/comic-con-2025-astana. Тіркелу тек Comic Con фестиваліне билеті бар қатысушылар үшін қолжетімді. Билеттерді comicconastana.kz/ticket сайтынан сатып алуға болады.
Comic Con Astana аясында өтетін файтинг-турнир Otaku Zone арнайы аймағында орын алады. Бұл кеңістік көрермендерге азия поп-мәдениетінің сан алуан қырын – аниме, манга, сән, музыка және дорама әлемін ұсынады. Геймерлік аймақ интерактив пен культтік ойындар арқылы сағынышын оятып, бұл атмосфераны толықтырады.
Қонақтарды 1 000-нан астам ойынды қамтитын кітапхана, танымал блогермен бірге кооператив форматта ойнау мүмкіндігі, сондай-ақ екі толыққанды аймақ күтеді: заманауи (PlayStation 5, ПК, ойын рульдері) және классикалық (SEGA, Nintendo, PlayStation 1, PlayStation 2).
Гейм-аймағының айрықша нүктелерінің бірі — классикалық ойын құрылғыларының заманауи нұсқаларын шығаратын Retro Genesis компаниясының арнайы стенді. Қатысушылар екі түрлі желіні сынап көре алады: Canonic — түпнұсқа картридждермен толық үйлесімділікті қамтамасыз етеді, ал Fusion — бірнеше консольді бір құрылғыда іске қосуға болатын заманауи мүмкіндіктермен жабдықталған.
Comic Con Astana-2025 — фестиваль тарихындағы ең ауқымды іс-шара болмақ. Сонымен қатар бұл оқиға ТМД кеңістігіндегі поп-мәдениет саласындағы ең ірі шаралардың біріне айналады. 2025 жылғы фестиваль бес күнге созылады (9–13 шілде аралығында) және алғаш рет екі ірі алаңда өтеді: «Астана-Арена» стадионы мен «Барыс-Арена» көпсалалы мұз сарайы.
2019 жылы негізі қаланған сәттен бастап, Comic Con Astana шағын жергілікті шарадан кино, анимация, комикс, видеойын, косплей және цифрлық өнер салаларындағы мамандар мен жанкүйерлерді тоғыстыратынтолыққанды халықаралық платформаға айналды.
2025 жылғы фестивальдің хэдлайнері — Энди Серкис, британдық актер, режиссер және цифрлық кейіпкерлерді экранға шығару саласындағы жаңашыл адам. Ол — қозғалысты түсіру технологияларын дамыту арқылы кино индустриясында төңкеріс жасаған тұлға. Ең танымал рөлдері: Голлум («Сақиналар әміршісі»), Цезарь («Маймылдар планетасы»), Жоғарғы көшбасшы Сноук («Жұлдыздар соғысы»), Альфред Пенниуорт («Бэтмен», 2022), Кинг-Конг (Питер Джексон ремейкі), Улисс Кло (Marvel әлемі), Кино Лой («Андор»). Сонымен қатар Серкис «Веном 2», «Маугли» және жақында жарық көретін «Сақиналар әміршісі: Голлумға аңшылық» фильмдерінің режиссері.
Comic Con Astana-да әр жылдары фестивальдің хэдлайнері ретінде әлемдік индустрияның мойындалған жұлдыздары қатысты. Олардың қатарында Мадс Миккельсен, Пилу Асбек, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және басқа да танымал актерлер бар.