Астанада «телефон лаңкесі» 4 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы «Жаннұр» сауда орталығында жарылғыш құрылғы туралы жалған ақпар беріп, елді дүрліктірген азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасынан хабарланды.

«Азамат А. мас күйде өзінің ұялы телефонынан Алматы ауданының ІІБ кезекші бөліміне қоңырау шалып, «Жаннұр» сауда орталығы ғимаратында жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы көрінеу жалған ескерту жасаған. Хабарлама келіп түскен соң Астананың барлық құқық қорғау қызметтері тексеруге жұмылған. Оқиға орнын тексеруді ұйымдастыру бойынша материалдық шығын 300 000 теңгеге жуық соманы құрады. Ал сот үкімімен азамат А. кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген баспасөз баянында.

Тоқтала кететін жайт, былтырғы жылы Астана қаласы бойынша осындай «жалған терроризмнің» 14 фактісі тіркелген екен.

«Барлық фактілер ашылды. Қазір жаңа техникалық құралдар, жабдықтаулар арқылы келіп түсетін хабарламалардың орналасқан орнын анықтау, абоненттен түскен әрбір қоңырауды бақылауға мүмкіндік зор. Осының өзі «жалған терроризм» фактілері үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етеді», - делінген баспасөз баянында.