Астанада теміржолшылар «Жүргізуші, пойызды өткіз!» акциясын өткізді (ФОТО)

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы теміржол торабында «Жүргізуші, пойызды өткіз!» алдын алу акциясы болып өтті. Оның мақсаты - көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін және теміржол үстімен өтетін жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтау маңыздылығы туралы еске салу.

«Лококотив» АҚ-ның мәліметтерінше, биылғы жылдың сегіз айының ішінде көліктермен соқтығысудың 14 оқиғасы тіркелген. Бұл ретте екі адам - жолаушы мен жүргізуші зардап шекті.

Теміржол үстінен өтетін жерлерде болатын соқтығысулардың барлығы жүргізушілердің ол арқылы өту ережелерін бұзуымен болатынын атап өту керек.

Акцияның барысында локомотив машинистері мен машинистердің көмекшілері көлік жүргізушілеріне арнайы жадынамаларды табыстады.

«Локомотив» АҚ-да жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, қозғалыс қатысушысы темір жолдан өткен кезде өте мұқият болу керек екенін еске салады. Көлік құралының жүргізушісі орнатылған жол белгілеріне, жарық және дыбыс дабылнамасына, шлагбаумның орналасуына сәйкес жүруі тиіс, Бұл ережелерді сақтау темір жолдағы қауіпті жағдайларды азайтуға немесе алдын алуға көмектеседі.

Осыған ұқсас акция «Локомотив» АҚ-ның барлық филиалдарында өтеді.