АСТАНА. KAZINFORM – 21-26 шілде аралығында Астана қаласындағы Beeline Arena теннис орталығында ересектер арасында Қазақстан жазғы чемпионаты өтеді.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, алты күнге созылатын додаға тәжірибелі ойыншылармен бірге жастар да қатысады.
ATP әлемдік рейтингісінде 911-орында тұрған 17 жастағы Әмір Омархановқа жанкүйерлердің назары ерекше. Жас теннисшінің халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп келе жатқаны белгілі.
Қатысушылар арасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жібек Құламбаева (№300 WTA), сондай-ақ кейінгі кезде айрықша көзге түсіп жүрген Сандуғаш Кенжебаева (№975 WTA) және Аружан Сағындықова (№1050 WTA) бар.
Ерлер арасында Ә.Омархановтан басқа кәсіби деңгейде тәжірибе жинап үлгерген Григорий Ломакинді (№862 ATP) айтуға болады.
Турнир барысында жаңа есімдердің шығып қалуы да әбден ықтимал.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Швейцариядағы турнирде Александр Шевченконың отандасымен ойнайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).