«Еліміздегі діни саладағы ахуалдардың даму үрдісі қарқынды. Бұған қатысты кейінгі кездерде бірқатар іс-шаралар қабылданып жатыр. Осы орайда, қалалық деңгейде де үлкен жоба қолға алынып отыр. Астана қаласы Ішкі ісаясат басқармасының қаржылық қолдауымен Діни мәселелерді зерттеу және психологиялық оңалту орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың негізгі мақсаты жат пиғылды діни ағымдардың ықпалына түскен, құрбандарына айналған жандарға көмек қолын созу», - деп атап өтті бүгін өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Руслан Қамаш.
Орталықта дінтанушы, социолог, психолог мамандары психологиялық оңалту көмектерін көрсетсе, заңгерлер адам құқықтары бойынша кеңестерін беретін болады. Онымен бірге орталық қаладағы діни жағдайға мониторинг жасап, талдау, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Әтүрлі діни бірлестіктердің қызметіне қатысты билік органдарына, қоғамдық ұйымдарға, БАҚ-қа қолғабыс етіп, ақпараттық көмек көрсетеді. 8 (7172) 50 24 98 шұғыл телефон желісі арқылы психологиялық кеңес беріледі.
Діни мәселелерді зерттеу және психологиялық оңалту орталығының жетекшісі Есбосын Смағұлов атап көрсеткендей, дәстүрлі емес діни ұйымдардан шығудың ең жақсы жолы - оған кіріп кетпеу. Сондықтан, орталық қоғам арасында ақпараттандыру жұмыстарын мықтап қолға алмақ.
Айта кетейік, бүгінгі күні Астанада қызметтері діни мәселелерге бағытталған 3 орталық жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың басында ашылған «Көкбозат» қоғамдық бірлестігінің орталығына 20-дан астам адам көмек сұрап келген, сенім телефонына 30-дан астам қоңыраулар түскен.