Астанада Тіл фестивалі аясында халықаралық «Жайдарман» ойыны өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 тамыз күні сағат кешкі 18:30-да елордадағы «Астана» концерт залында халықаралық «Жайдарман» ойыны өткізіледі. Сайысқа Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан елдерінен жалпы жиыны 10  команда қатысады деп күтіліп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жайдарман» ойынын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізбек.

««Жайдарман»  ойындары  жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты. «Жайдарман» алаңының мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда 200 мыңға жуық таланттыларды топтастырғаны көңіл қуантады», - дейді ұйымдастырушылар.

Тың форматта өткізілетін жарысқа Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан елдерінен  10  команда қатысады деп күтілуде. Жобаны «Қазақстан» ұлттық арнасы эфирінен көрсету жоспарланған.