Астанада «Тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологиясының инновациялық жолдары» конференциясы өтеді

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Ертең Астана қаласының «Тілеп қобыз сарайының» мәжіліс залында «Тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологиясының инновациялық жолдары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді.

Бұл туралы ҚР Мәдениет министрлігінен хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 шілдедегі № 878 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011- 2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 32-тармағын орындау және тілдерді оқыту шеңберінде алдыңғы қатарлы халықаралық және отандық ғылыми-педагогикалық озық тәжірибелерді қолдану мақсатында 2013 жылдың 20 қарашасында Астана қаласының «Тілеп қобыз сарайының» мәжіліс залында «Тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологиясының инновациялық жолдары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізеді.

Конференция мақсаты: тілдерді үйрену шеңберінде алғышартты халықаралық пен отандық ғылыми-педагогикалық тәжірибелерді кеңейту, интерактивті технологияларды қолдану арқылы тілдерді жеделдете үйретудің тиімді және заманауи әдістемелерін қолдану, заманауи ақпараттық технологиялардың оқыту мүмкіндіктерін анықтау», - делінген хабарламада.

Конференция барысында «Тілдерді оқытудағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», Шеберлік класс тақырыптары бойынша пленарлық және секциялық мәжілістер жоспарланып отыр.

Конференция жұмысына қазақстандық және алыс, жақын шетелдерден ғалым-оқытушылар, сала мамандары, әдіскер-ғалымдар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қазақ тілінде іс жүргізетін мамандар, үкіметтік емес ұйымдар қатысатын болады.

Іс-шараның негізгі нәтижесі тіл оқыту саласында тәжірибе алмасу мен оқыту барысында тек қана студенттерге ғана емес, оқытушыларға да практикалық көмек болатын, сарапшылар ұсынған нұсқаулары теориялық терең түсінуді және тәжірибелік қолдануды талап ететін тәжірибе алмасуы және оқу үдерісіне ақпараттық технологияларды ендіру жолдарын сараптау болып табылады.