Астанада «Тілге құрмет - елге құрмет» іс-шарасы өтеді
11:50, 18 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Келесі аптада, қыркүйектің 21-і күні Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Тілге құрмет - елге құрмет» салтанатты іс-шарасы өтеді.
Университет алаңында өтетін іс-шара барысында қазақтың киіз үйлері тігіліп, әрбір үйде мерекелік дастархан жайылады. Осы жерде орнатылатын арнайы сахнада «Дала сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен «Қара жорға» биі орындалып, қазақтың өнерпаз жастары мақал-мәтел және тіл сайыстарына өз бақтарын сынамақ. Іс-шара соңында барлық қатысушылар бірігіп, «Атамекен» әнін шырқайды.