Астанада тіс дәрігерлерінің съезі өтуде

АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан тіс дәрігерлері ассоциациясының съезі мен VI халықаралық «Стоматологиядағы заманауи технологиялар» конференциясы өтті.

Аталған съезд отандық тіс емдеу саласына әлемдегі жаңа технологияларды енгізуге үлес қосады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан тіс дәрігерлері ассоциациясының вице-президенті, Республикалық дипломнан кейінгі дәрігерлерді оқыту институтының профессоры Ғалым Пернебаев айтты.

«Конференцияларда үнемі әлемдік дәрежедегі тіс дәрігерлері спикер ретінде келіп, өздерінің тәжірибесімен бөліседі. Бұл - осы шараның негізгі қағидаты. Бұл алаңда қыруар тәжірибе алмасып, тіс емдеу саласындағы жаңа әдістемелер мен тәжірибелер ортаға салынады», - деді ол.

Ғ. Пернебаевтың айтуынша, қазақстандық тіс дәрігерлерінің кез келгені халықаралық көрмелерге барып, өзіне керектіні алуға мүмкіндіктері жете бермейді. Осы жағдайда бүгінгі конференция мен оның аясында өткізіліп отырған көрме таптырмас көмек болады.