Астанада ТМД-дағы тұңғыш паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада паралимпиадалық жаттығу орталығы іске қосылады. Бұл жайлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туған жер» арнайы бағдарламасын жүзеге асыру аясында енді бір айдан кейін ТМД-дағы халықаралық деңгейдегі жаттығу орталығы іске қосылады. Оған меценаттар 1,7 миллиард теңге ақша салды. Бұл - мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысатын тұңғыш ірі орталығы болмақ», - дейді шаһар басшысы.

Әкім өз сөзінде бұқаралық спорт түрлерін насихаттау әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Арнайы бағдарлама әзірленді. Қазіргі таңда Астанада 288 мың адам жүйелі түрде спортпен айналысады. Біздің мақсат - осы санды көбейту. Қаланың барлық аудандарында, тұрғын үй алабында, қала шетінде спорттық нысандарды салу тұрғысында үлкен бағдарламамыз бар. Сонымен қатар, отбасылық спорт үшін әртүрлі чемпионаттар мен турнирлерді өткізу бойынша бағдарламаларымыз жетерлік», - деп түйді қала әкімі.
 

Басты фото: littleone.com