Астанада ТМД Қорғаныс министрлері 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін Астанада ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы басталды. Онда Қорғаныс министрлері Кеңесінің мүшелері ТМД қатысушы-мемлекеттерінің 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастығын дамытудың тұжырымдама қадамдары талқыланбақ.

Күн тәртібіне сәйкес, отырысқа қатысушылар Достастық мемлекеттері қорғаныс ведомстволарының көпжақты әріптестігінің түрлі бағытындағы 20-ға тарта мәселелерді қарастырады. Сонымен қатар, министрлер ТМД елдерінің гуманитарлық міндеттерді атқару, ұшудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайларды бақылау және бағалау, әуе қорғанысы саласындағы басым зерттеулер, ғарыш аппараттарын бірлесе пайдалану секілді салалардағы қарулы күштердің инженерлік бөлімшелері әскери қызметшілерінің мәртебесіне қатысты мәселелерді қарайды. Сонымен қатар, отырыс барысында әскери білім мен спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту, әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін арттыру мәселелерін де бірлесе талқылауды жоспарлап отыр. Шара аясында Қазақстан Қорғаныс министрі Серік Ахметовтің ресейлік әріптесі С. Шойгумен екіжақты кездесуі көзделіп, оның аясында әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланады.