Бұл туралы бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ШЫҰ-ына мүше мемлекеттер бас прокурорларының 13-ші отырысының қорытындысына арналған брифингте ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.
«Бүгін сағат 15-00-де ТМД Үйлестіру кеңесінің төрағасы, РФ бас прокуроры Юрий Чайканың төрағалығымен ТМД-ға мүше мемлекеттер Бас прокурорлары Үйлестіру кеңесінің 25-ші отырысы өтеді. Аталған жиын барысында ТМД прокуратура органдарының қызметін үйлестірудің өзекті мәселелері, ұлттық прокуратуралар қызметіндегі алдыңғы қатарлы тәжірибелер талқыланып, ТМД прокуратура органдарын одан ары үйлестіру шешімдері қабылданады»,- деді ол.
ҚР Бас прокурорының атап өтуінше, бұл отырысқа ШЫҰ мүшелері мен байқаушылары алғаш рет шақырылған. Олар өз тараптарынан ескертулер мен ұсыныстар жасай алады.
«Сонымен қатар кездесу Достастық пен Шанхай ұйымы бас прокурорлары арасындағы қарым-қатынасты одан ары нығайтуға, біздің елдеріміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына жәрдемдесетін болады», - деді А.Дауылбаев.