Астанада Тоқтар Төлешовке қатысты жабық сот басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әскери сотында бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешовке қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Қылмыстық іс жабық түрде қаралып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары сот дәлізін күзетуде.

Тоқтар Төлешов «Шымкентсыра» зауытының бұрынғы иесі еді. 2016 жылдың қаңтарында Шымкентте күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп, оны қолға түсірген болатын. Арада алты ай өткен соң, яғни, маусым айында ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасай отырып, Тоқтар Төлешовке қаражаты мен лауазымын пайдалана отырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тақты. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Тоқтар Төлешов құзырлы органдар мен әскери саладағы ведомстволардан сыбайластар тапқан екен. Жалпы, осы қылмыстық істе 25 фигурант бар.

Қылмыстық істегі басты жауапкер Тоқтар Төлешев бірқатар қылмыстар бойынша айыпталып отыр, олардың арасында: адам ұрлау, өлтіру, заңсыз бостандығынан айыру, билікті басып алуға жария шақыру, сондай-ақ билікті басып алу немесе ҚР конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның қызметіне қатысу, тонаушылық, ұйымдасқан қылмыстық топ, ұйым құру және оған басшылық ету сияқты айыптар тағылған.

Сондай-ақ ол қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жарылғыш құрылғылардың  заңсыз айналымына айыпталуда.

Сонымен бірге. Төлешовтің өткізу мақсатынсыз есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар екендігі жөнінде айып тағылуда.

Айтып өткеніміздей, сот жабық түрде өтіп жатыр. Өйткені, қылмыстық істе мемлекеттік құпияларға қатысты деректер бар. Сот төрағасы - Ербол Ахметжанов.