Полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары абаттандыру қағидалары мен табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Сонымен қатар қала аумағында жүйелі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Кейінгі тексерулердің бірінде Төле би көшесінде топырақты заңсыз қазып, тасымалдаған үш жүк көлігі мен экскаватор-жүк тиегіш анықталды.
Тағы бір дерек Есіл ауданында тіркелген. Рейд кезінде Howo Sinotruk жүк көлігінің иесі топырақты заңсыз тасымалдағаны белгілі болды.
Бұл деректер бойынша жиналған материалдар Астананың қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына жолданды.
Полиция мұндай заңсыз әрекеттердің қоршаған ортаға зиян келтіретінін ескертіп, кінәлілер заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ азаматтарды экологиялық құқық бұзушылықтар туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда топырақты ластаған компанияға 4,3 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлағанбыз.