Көрме аясында көлік инфрақұрылымы, халықаралық жүк тасымалы, қойма логистикасы және саланы дамыту мәселелері талқыланып жатыр.
Көрме алғаш рет 1997 жылы өткізілген. Содан бері Алматы мен Астанада ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы 36 жаңа қатысушы қосылды. Алғаш рет 700-ден астам компанияны біріктіретін Түркияның Қызметтер экспорттаушылары қауымдастығы қатысып отыр. Сонымен бірге Беларусь, Латвия, Литва, Түркия және Эстония ұлттық топтары өз елдерінің компанияларын таныстырады.
Биылғы көрменің экспозициясында теңіз порттары мен теміржол әкімшіліктері, логистикалық орталықтар, көлік техникасын өндірушілер, вагон жасау және жөндеу кәсіпорындары, қойма жабдықтарын жеткізушілер өз шешімдерін ұсынып жатыр. Жүк өңдеу мен сақтау технологияларына, өндірістік және логистикалық үдерістерді автоматтандыруға арналған құрал-жабдықтар да таныстырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іскерлік бағдарлама үш күнге жоспарланған. Оның аясында көлік саласындағы әйел көшбасшылардың рөлі, кадр даярлау, тәлімгерлік, күрделі жобалық жүктерді тасымалдау және қойма логистикасы мәселелері талқыланады. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздері мен Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға арналған кездесулер өтеді.
– Бүгін «Жаңа дәуірдің көшбасшы әйелдері» атты сессия өтті. Онда көлік саласын дамытудағы әйелдердің рөлі, кадр даярлау және тәлімгерлік мәселелері талқыланды. Алдағы күндері қойма логистикасына арналған конференцияда заманауи қоймалардың қандай болуы керектігі және олардың тұрақты жұмыс істеуі үшін не қажет екені сөз болады. Соңғы күні сарапшылар көлік аптасының қорытындысын шығарып, алдағы жобаларды талқылайды, – деді көрме ұйымдастырушысы Гүлзана Әбдушәріпова.
Айта кетейік, көрме 16 қазанға дейін жалғасады. Келесі жылы TransLogistica Kazakhstan көрмесін Алматыда өткізу жоспарланған. Бұл шараның 30-шы мерейтойлық көрмесі болмақ.
Бұған дейін қазақстандық 20 компания «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық көрмесінде инновациялық өнімдерін таныстырғаны туралы жазған едік.